Еліміздегі мерекелердің ең ұлығы тәуелсіздік мерекесі анық. Міне осы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көптеген ұжымдарда салтанатты шаралар өтуде. ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журанлистика факультеті де осы мерекеге орай бірлескен меморандумға қол қойып, бұл күнді есте қалардай салтанатты шараға айналдырды. Осынау салтанатты шараны ашқан Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов тәуелсіздік мерекесін атап өту жылдан-жылға өз деңгейіне көтеріліп келе жатқанына тоқталды.
- Еліміздің жастары тәуелсіздік тарту еткен мүмкіндіктерді пайдаланып, білімді де білікті маман болып қалыптасуы керек. Соған негізделген шараның бірі екі ұлттық ұжымның бүгінгі бірлескен меморандумы. Бізде осы салада 20-30 жыл қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі де, білікті библиографтар қызмет етеді. Міне, студенттер теориялық білімдерін өндірістік тәжірибеден өткенде сол мамандардан үйренсе, ертеңгі жұмыстарында игіліктеріне айналары анық.
Өз кезегінде сөз алған журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы да жиналғандарды алдымен тәуелсіздік мерекесімен құттықтай келе бүгінгі шараның маңыздылығын тілге тиек етті.
- Біз дайындап отырған жастар еліміздің болашағы. Олардың күні ертең жұмысқа орналасуы үшін сіздер секілді ұжымдармен ерте бастан байланыс орнатудамыз. Жұмыс берушілерге қандай мамандар қажет, оларды қай бағытта дайындауымыз керектігін зерттеудеміз. Сондықтан тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өтіп отырған бүгінгі шараның маңызы өте жоғары.
Салтанатты шара барысында кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Тұрғалиқызы да жиналғандарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, студент жастарға өз тәжірибесін жан-жақты үйрететінін жеткізді. Ал, кітап палатасы директорының тағы бір орынбасары, арқалы ақын Маралтай Райымбекұлы өз құттықтауында жырдан шашу шашты.
Мерекеге жиналғандар арасынан ақын Алмасбек Ахметбекұлы да тілегін белгілі «Көк тудың желбірегені» өлеңімен жеткізіп, жүрек жарды лебізін білдірді.
Сонымен салтанатты шара соңында Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов пен журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы бірлескен меморандумға қол қойды. Енді ол бойынша журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының студенттері тегін өндірістік тәжірибеден өтіп, үздік оқыған студенттер кейін кітап палатасындағы бос жұмыс орындарына жұмысқа тұра алады.