"Sardar" баспа үйі
телефон
+7 (727) 249-68-05
E-mail
sardar@mail.ru
Жұмыс уақыты
Пн - Сб 8:00 - 18:00
Кері байланыс
«SARDAR»
» » Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ: ҚАЗАҚ ӨЗ БИІГІНЕ ҚАЙТА ШЫҒУЫ КЕРЕК

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ: ҚАЗАҚ ӨЗ БИІГІНЕ ҚАЙТА ШЫҒУЫ КЕРЕК

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ: ҚАЗАҚ   ӨЗ   БИІГІНЕ  ҚАЙТА  ШЫҒУЫ  КЕРЕК    


Сендер – қазақтың болашағын жасайтын буынсыңдар, қазақы ұрпақ тәрбиелеңдер!«Алматы ақшамы» үнемі  ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқан ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының «Асыл сөз» сұхбат-жобасының жарияланымдары бүгінде   оқырмандарымыз  «іздеп жүріп» оқитын тағылымды  дүниелерге айналып келеді.  Жобаны ұйымдастырушылардың  ұлттың, мемлекеттің руханият, әдебиет, мәдениет және өнер салаларының дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткерлерді, ақын-жазушыларды, өнер адамдарын, ел ағаларын, ақсақалдарды шақырып, олардың ғұмыр-тарихындағы құпияға толы  оқиғаларды саралап, әдебиет пен өнердің ахуалын зерделеп, аталған салалардағы жарық түспеген көлеңкелі қалтарыстарға сәуле жүгіртуді мақсат тұтқаны қуантады бізді. ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры, ұлтжанды азамат Әділ Қойтанов бастаған  ұжымның осы бағдарға ден қойып,  көзі тірі абыздардың ақжарма тілегін, сан қырлы әңгімесін, дауылды дәуірдің ащы шындығын өз ауыздарынан жазып алып, таспаға түсіріп, көпшіліктің назарына ұсынуды ниет еткені құптарлық қадам.
 «Асыл сөз» сұхбат-жобасының бүгінгі қонағы – өзінің ғибратты әңгімесінен, парасатты болмысынан, сан қырлы ғұмыр соқпағының бүкпесіз баянынан сыр ақтаратын  белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы.«Қазақтың Мопассаны» Кітап палатасына келіп, ұжыммен танысып, әзіл-қалжыңымен шабыттана сөйлеп, қоғамдағы мәселелерді, шығармашылығындағы айтулы оқиғаларды баяндады. Сұхбатты әдеттегідей ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлы  жүргізіп отырды. 
Құрметті мейман: «Бұл жерге бәріміз кішірейіп келуіміз керек» деп, шымылдық сөзін бастап, алқалай отырған ұжымның төріне озды. Сөз қасиетін зерделеген  қаламгер,  әңгіменің шебері жүйелі сұхбат басталған соң-ақ, бауыр жазған жорғадай суырыла сөйледі. ***Ә.Қ.:- Құрметті Бексұлтан аға! «Асыл сөздің» дәстүрлі сұхбат-алаңына қош келдіңіз.  Кітап палатасының 82 жылдық тарихи жылнамасында  қазақтың ақын-жазушыларының, журналистерінің еңбектері сақталып тұр. Олардың арасында Сіздің де шығармаларыңыз  бар. Өзіңіз сияқты халқымыздың зиялыларының, сөз өнерінің құдіретін зерделеген тұлғаларымыздың  асыл сөздерін естігіміз келіп, осындай кездесулерді өткізуді қолға алғанбыз. Әңгімемізді сіздің балалық шағыңыздан бастасақ деген ойдамыз...Б.Н.: - Бізге кішкене күнімізден, үшінші сыныптан бастап жұмыс істететін еді. Өкіл атты лауазымы бар Толқынов деген бар еді. Каникулға шықсаң бітті алады да кетеді. Әке-шешеңді көрмейсің, ойын бір жағыңда қалады. Іленің бойында шөп шабатын кісілер бар, сол жаққа алып барады. Масасы жаудай тиетін жерде біз «сүйрем» тартамыз, басқаға он жасар баланың шамасы келмейді ғой. Аттың үстінде қонжиып отырамыз, шөпшілердің үйіп кеткен шөмелесінің астына екі сырықты кіргізіп, Ханшайым мен Қыздархан деген әпкелеріміз арқанмен орап, ұшын ұстатады. Жол бойы жүріп барып, мая салып жатқан екі жігіттің жанына жеткенде әлгі арқанның ұшын тартып кеп қалсаң шөп сырылып түсе қалады. Он жастағы баламыз, ата-әжені сағынамыз дегендей... Бірақ біз сол өмірді жазу арқылы жазушы болдық. Қазір қаладағылар қалай жазушы болмақ?! Қалада өмір жоқ қой. Стандарт! Ауылда сексенге жуық шаңырақ болатын. Бала біткен шуылдасып, түн қараңғысына дейін ойнаймыз. Ешкім іздемейді. Қарынымыз ашқанда ғана үйге келіп, айран ішіп ұйықтап қаламыз. Өз еркіміз өзімізде – баланың демократиясы бар. Ауылда өмір көресің. Төбелесіп-төбелесіп артынша татуласамыз, қан-жоса болсақ та үйге айтып келмейміз. Ауыл – әке-шешеден кейінгі мектеп. 
Ә.Қ.:- Сізді «қазақтың Мопассаны» деп атайды. Бозбала кезге қарай ойысалық, аға...
Б.Н.: - Соны келіншектерге айта жүрші (күліп), одан бұрын бүгін мен атамның алдына келгендей болып отырмын. Соны айтайын. Мені үлкен кісі деп шақырып отырсыңдар ғой: бірақ бәрімізден де үлкен құндылық бар, ол – кітап. Әділ де, Маралтай да, мен де көп білеміз. Дегенмен, бәрін білмейміз, бәрін кітап қана біледі. Біз оқығанымызды, көргенімізді, естігенімізді білеміз. Қазіргі балаларда жаман бір үрдіс басталыпты. «Оқымай-ақ данышпан боламыз» деп соғады кейбірі. Құдай-ау, оқымаған адам қайдан данышпан болсын?!
Кеңес үкіметінің жақсы жақтары бар. Бұлардың ең үлкен зұлымдығы – ұлтты жоюға ұмтылу, бір ұлт жасауға ұмтылу. Біз сол уақыттың барлығынан өттік. Тарихтың сөзі, бабаның сөзі осы жерде тұр. Сондықтан, Кітап палатасына келгенде әрбіріміз кішірейіп, перзенті, ұл-қызы болып келуіміз керек.
Қазір «бәрін интернеттен оқып аламын» деп жүр ғой. Мен өзі тарихқа, ғылымға араласа беретін адаммын. Сонда кітаптың артықшылығы айқын көрінеді. Өзіңнің жазып отырғаныңды, жасаған тұжырымыңды «пәленше кітаптың түгенше бетінде былай деп жазылған» деп сілтеме бересің. Интернеттен қалай бермексің?! Мынандай хабардың мынандай минутында деймісің?! 

Таласты тағдыр

Мен өзім таласа беретін адаммын. Тарихқа да, ғылымға да араласып, көңілге қонымсыз дүниелер үшін талас жүргіземін. 1975 жылдан бастап Орбұлақ шайқасының тарихына шама келгенше бедел алып беруге жанталасып келемін. 1975 жылы «Қазақ-Совет энциклопедиясының» 6-томы шықты. Соны сатып алып келдім де, бас алмай екі-үш күн бойы қарап шықтым. 
Сол кітапта «Қазақ-қалмақ шайқасы» деген тарау бар екен. Қарап отырсам, Орбұлақ шайқасында қалмақ пен қазақтың соғысы туралы айтыпты. Айтуынша, қалмақ қонтайшысы 50 мың қолмен жерімізді баса-көктеп кірген кезде Жәңгір хан 600 мың қолменен жаудың он мың әскерін сұлатыпты. Ал қонтайшы ес жиып қайта оралғанша Самарқаннан 20 мың қолымен Жалаңтөс батыр көмекке келіп, қалмақтар масқара болып жеңіліпті. Оқып отырып аң-таң болдым. Біздің тарихшылар неге тып-тыныш?! Әлгі «Спарталықтарды» соншама әспеттеп жатады ғой, қаншама кино түсірді. Бабаң мынадай ерлік қылса, айдай әлемнің алдында қалай мақтансаң да жарасады емес пе?!
1975 жыл. Ұлым бір жасқа толған, бес балам бар. «Жұлдыз» журналында істейтін кезім, жаз уағы. Бала-шағаны алдым да, ата-баба жерін көрсетейін деп Белжайлауға тарттым. Ақжол деген сыныптасым бар еді, бухгалтер болатын. Сол досым: 
- Қайда барасың? – деді. Оның қолында ақша бар, өкілет бар. Мен: - Жылқылы ауылға жібер, балаларға қымыз ішкізейін, - дедім. Сөйтіп жылқылы ауыл қайдасың деп тартып отырдым. 
Біз түскен ауылда Қожахмет деген ағамыз бар еді. Атамыздан кішілердің барлығын «аға» дейтінбіз. Ол кісіні түгел ауыл «Жайбасқан» деп атайтын. Өзі асықпай, балпаң-балпаң жүретін. Келіндері мен жеңгелерінің шығарғаны шығар. Жайбасқан ағамыздың бригадир болғанын білемін. Таңғы алтылар шамасында менің тәтеме – әкемнің әпкесі келіп, терезесін жай ғана қағып: 
- Тоқтар, Тоқтаржан, Китің жаққа барасың, күнім. Соған ертерек шығып бара ғой, - дейді де Күләйдің үйіне тартады. 
- Күләйжан, сен бүгін су жаққа барасың, - деп жүріп сексен үйдің есігін қағып шығады. 
Қазір айтсақ ертегі сияқты. Ал біз үшін өмір. Ондай өмір енді болмайды, енді қайталанбайды. Ондай қазақ енді тумайды. Сонда біз кішкентай баламыз, ойнап жүріп «пәлен деген үйдегі шешеміз туыпты, мына күні шілдеханасы екен» дегенді естиміз. Шілдехана болған күні сол маңайда жүреміз шуылдап. Қазан-ошақтың айналасында жүрген шешелеріміз шақырып алып, қолымызға бірдеңе ұстатады, соны таласа-тармаса жейміз. Міне, бұл – біздің бала шағымыз. 
Меніңше, осындай өмірді көрген адамның жазушы болмауға хақысы жоқ сияқты. Соғыстан кейінгі жетім-жесірді, аш-жалаңашты да көрдік. Кешқұрым үйге үш қонақ келсе аяқ-табақ, кесе жетпей қалушы еді. Сондайда жүгіріп барып Күләй әпкеміздің үйінен алып келетін едік. Ол кезде ыдыс тапшы. Айына-жылына бір рет есек арбамен «бақалшы» дейтіндер келеді. Қалған уақытта қолға барға қанағат. Сонда әр ауылда бір шебер болатын. Сол шебер біздің сынған ыдыстарымызды мыспен құрсаулап беруші еді. 

Ұлттық болмыстан алшақтап барамыз

Қазір уақыт өткен сайын ұлттық болмыстан тым алшақтап барамыз. Бүгінде ешкім «аяқ» дегенді айтпайды. Бәрі «тарелка», «табақ» деп кетті. Біздің кезімізде ертеңгі күн райын болжайтын шалдар көп еді. Кешқұрым отырып: 
- Ертең күн райы бұзылатын сияқты. Мал-жанға  абай болыңдар. Мына күннің батуы жаман ғой, - дейтін. Айтқандай-ақ, ертеңіне бұрқасын боран тұрып, мазаны алатын. 
Олар табиғатқа жақын еді. Байқасаңдар, сиыр мен жылан жер сілкінісін бәрінен бұрын сезеді екен. Өйткені олар әлі де табиғатқа жақын. Сол шалдар табиғаттың ортасында етене араласып жүрді. Сондықтан, табиғаттың мінезін болжайтын еді. Біз өркениетке кеттік, сосын табиғат әсер етпейді. 
Бұрындары иен далада жалғыз салт атпен келе жатсаң, ту сыртыңнан біреу бақылап келе жатқандай болады. Жалт қарасаң, расында біреу келе жатады. Ал қазір біз ондай сезімнен арылып кеттік. Енді осы тұстан өзімнің он үш жас шамасындағы кезімде тау шатқалдарын жалғыз жүріп өткенім туралы әңгімеге бұрыла кетейін. 
Атам қатты ауырып қалды. Қымыз аңсады. Содан таудағы Қали деген жылқышы інісіне тарттым. Ол інісі бір тұлып қымыз берді. Тұлып дегенді білесіңдер ме? Ешкіні бүтін сойып, ішін ысқылап, ыдыс жасайды. Қали ағамыз ересек адам, қараңғы туралы ойламаған. Содан мен жылқышы ауылдан түс қайта шықтым. Шаттың ауызына келгенде қараңғы түсіп кетті. Шат деген екі таудың қосылған тұсы. Содан қайтуға ұят, тәуекел деп тартып отырғам. Шаттың ауызында шайтан бар деп еститін жүрек дүрсілдеп, бар дауысыммен ән айтып келемін. «Ит қорыққаннан үреді» дегендей, қорқыққаннан әндетіп келе жатқан түрім. Бір уақытта шаттың ауызынан бір жарық жылт ете қалды. «Шайтан» деген ой келді санама. Сөйтсем, жұмысшылар мінген көлік екен. Тұра қалып амандастық, олардың көзі тұлыптағы қымызда. Арасынан шопыр аға шығып:
- Әй, Бексұлтанның атасы ауырып жатыр, қымыз сол кісіге. Кетіңдер, иттің балалары! – деп қайтарып тастады. 
Содан жалғыз емес екенімді, жан-жағымда жұрт бар екенін біліп, тақырға шығып тарттым ауылға. Түн ауа үйге жетіп, Жайбасқан қария ұқсап есікті жай ғана түртемін. Тәтем ояу екен, ол кісі өзінің ағасына ренжіп жүр. Сөйтіп балалық та өткен. 
Бұл өмір қалада жоқ. Адам өзінің адамдығын сезіну үшін қорыққаны, қуанғаны, риза болғаны, үріккені керек, осындай сезімдерді бастан өткеру керек. Бұларсыз адам жасанды сияқты...

Ә.Қ.:  - 1966 жылы «Күнәлі махаббат» деген повесіңізді жаздыңыз. Соны «Қазақ әдебиетіне» алып барғанда Мұқағалимен танысыпсыз. Сол уақыттар туралы айтып берсеңіз.

Б.Н.: - «Күнәлі махаббат» повесімді «Жұлдыз» журналы «Кінәлі махаббат» қылып өзгертті, кейін «Күтумен кешкен ғұмыр» атты еңбегім «Күтумен өткен ғұмыр» болып өзгерді. Олар түсінбейді, «күнә» дегенді дін жағынан қарайды, «кешу деген немене» деп одырайғандар да бар. Сөзді ұқпайтындардың көбі қалалықтар, мен ауылдан келгенмін, санаға сіңген сөзді жазамын. 
Сол жылдары «Бір өкініш, бір үміт» деген кітабым шыққанда Қаратаев сын жазды. «Күтумен кешкен ғұмырды» да талдап, «Бексұлтанның кітаптарында түсініксіз сөздер көп» дей келе ұзыннан-ұзақ тізімді көрсетеді. Тек кейін ғана өзі мойындап: 
- Мен Бексұлтанды түсінбеппін. Бұл ауылдың сөздерін алып келіпті, сөз байлығы мол екен ғой, - дегені бар еді жарықтықтың. Біліңіз, қазақта диалект деген жоқ, тек ішінара жер-су аттарына байланысты дыбыстық өзгешеліктер ғана болуы ықтимал. 
Мен «Бір өкініш, бір үмітті» студент кезімде бастап қойдым. Жалпы, өзің бастан кешпегенді жазу қиын ғой. Жазуы жазылғанмен шынайы шықпай сілікпеңді шығарады. Менің әдеби кітаптардағы кейіпкерлерімнің прототиптері – өзім, жақындарым, ауыл, шешем. 
«Күнәлі махаббат» деген менің шешем ғой. Мен атам мен әжемнің қолында өскенмін. Әкем он тоғыз жасында үйленіпті, үйленгенде қызға үйленбепті. Шешем әкеме дейін біреудің әйелі болған. Бірақ оған дейін бір-бірін білген. «Школа крестьянской молодежи» деген мектепте бірге оқыған. Менің әкем – Тілеулі деген бидің ұрпағы. Шешемнің атасы – болыс әрі би. Кеңес үкіметі болыс пен бидің ұрпақтарына атажауындай өшіккен, шешемнің бірінші күйеуін шекарада атып кетіпті. 
Мен он бес жасыма дейін атам мен әжемнің арасында жаттым. Сол кісілердің тәрбиесінде өстім. Біз мамырдан бастап қарашаға дейін аяқ киім дегенді көрмейтінбіз. Тікен кіреді, жұмсағы болса алып тастайсың. Сол кездегі ең үлкен жауымыз – шоңайна деген темір тікен еді. Сол шоңайнаға тап болсаң алып тастаған орыны домбығып іседі де, түні бойы қышып шығады. Екі аяғымды атам мен әжеме  асып қойып жататынмын. Олар табанымды қасып жатады, көздері ілініп бара жатса аяғыммен сілкіп оятамын. Қандай фашистпін, ә?!
Қазір қарап отырсам ол байғұстардың мені жақсы көрмеуге шамалары жоқ екен ғой. Әжем он жеті құрсақ көтеріп, соның ішінде Нұржекеден ғана мені көріп отыр. Жалғыз немере. Әкемнің Әтіке деген інісі болыпты. Шешемнің айтуынша, он үш жасында өзінің тілі тиіп өліпті. Қалай өзінің туған баласына шешесінің тілі тиеді?! Соны айтып береді ғой. Бір күні шешем шаруа қамымен жүріп, күн бата алыстау жерде отырған екі баласын көреді де: 
- Әй, менің Нұржекемнің қасында маңдайы жарқырап отырған кім болды екен?! – дейді. Өз баласын танымай қалған ғой. Сол сөзден әкемнің інісі мұрттай ұшыпты. Таңқалмасқа шараң жоқ, шамаң да жоқ. Нанбайын десең, биыл Сарыағашқа бардым, демалуға. Кемпірім және Адамбек пен оның жұбайы бар. Әңгімеден әңгіме шығып, сөз тиегі ағытыла бастады. 
Оның әңгіме қылып отырған Ыбыраев деген мүсіншісімен дидарласпағанмын. Бірақ оқимын, естимін. Шоқанның, Қызылордадағы Қорқыттың мемориалдарын сол жасаған. Адамбегім соның құрамында болыпты. Қорқыттың кесенесін жасайтын кезде тапсырмалары мүсіннен қобыздың дыбысын шығару екен. Әрі жасайды, бері жасайды, қойған кезде дыбыс жоқ. Экспедиция сасайын деген. Жан-жағынан жөн сұрастыра бастапты. 
Содан мүсіншілер жергілікті басшылыққа жүгінген. Ол кезде Кеңес  үкіметі  өлген адамды тірілткеннен басқаға құдіретті. Құрметті қонақтардың өтінішін жерде қалдырмай қобызшы шалға сілтейді. Бұлар топталып шалдың үйіне жөнелген. Амандасып, жөн айтып, қолқа салған кезде дөңгеленген кішкене ғана қария? 
- Е, балалар, жақсы, тарт десеңдер тартайын, - деп қолын аспабына созыпты. Қобыздың ішегінен үн шыға бастағанда кезекті бір қайырымында әлгі шал зыр етіп керегенің басына дейін көтеріліпті. Тағы бір қайырымында шаңырақтан бір-ақ шыққан. Қонақтарда ес жоқ, бәрі жағасын ұстап, демсіз қалған, көздерінде үрей. Осы қалыппен қобыздың үні бәсеңдеп барып тыйыла қалады. Содан қонақтардың бірі есін жиып: 
- Ақсақал, бұл не болды? – деп сұрайды. Сонда шалымыз жай ғана: 
- Балалар, бақсы дегеннің бәрі шайтанмен жұмыс істейді. Мені көтерген сол шайтан, түсірген сол шайтан. Сендерге көрінбейді ол, - депті. 
Содан экспедиция мүшелері аң-таң болады. Нанайын десе қисыны жоқ, нанбайын десе шыққыр көздері көріп отыр. Бір кезде есік ашылып, еңгезердей орыс кіріп келіпті де: 
- Отец, - деп шынашақтай шалды қапсыра құшақтапты. Ол орысы Байқоңырдағы летчик-испытатель екен. Өзінің айтуынша, бір сынақ кезінде  жерге қонғанда басын қатты соғып алып, есінен айырылыпты. Сөйтіп, шатырын алып ана жерде бір, мына жерде бір қонып жүргенде есегімен келе жатқан шалға жолығады. Шал айналасындағылардан: 
- Мынау кім? – деп сұраған. Олар жөнін айтады, түсіндіреді. 
- Мен мынаны жазам, - дейді шалекең. Сөйтеді де үйіне алып кетеді. Аз ғана уақыт ішінде орыс ұшқышты шалымыз өзіне келтіріпті. Тексерсе сап-сау, ұшағын айдап жүре берген екен дейді. Осындай жақсылығы үшін «отец» демегенде не дейді?! 
Міне, осындай әңгімелерді ести жүріп, жазуға құштарың ауады. Оны жазу керек. Құдай жазатын адамды жаратады. Егер олар болмаса мына өмірің сәнсіз, мәнсіз, сүреңсіз болмақ. Төрегелді Шарманов деген ағамыз сексенге келген шағында «менің биологиялық жасым елу алтыда» деп еді. Нанғың келмейді, нанбайын десең, тіршілігін көресің. 
Адам өмірде қуану керек, ренжу керек, төбелеске түсу керек. Кім үшін?! Әке-шешең үшін. Әке-шешең дегенің – қазақ. Бәрі әке-шешені сыйлаудан басталады. Адамда мейір болу керек. Өз әке-шешесін сүймейтін бала қайтіп қазақты сүйе алады? Өзінің бес баласы бар әйеліне мейірі жоқ еркектің басқаға махаббаты қайдан болсын?! Оның ар жағында пасық пайда ғана жатуы мүмкін. Біреудің әйелін неге тартып аласың мейір болмаса?! Оны жасау үшін үлкен құрбандыққа бару керек. Кейде Біржан, Ақан, Сегіз серілердің шығармаларын оқысаң, құдай-ау, бәрі қызға арналғандай. Ойлайсың, «мыналар қыз қырманның ортасында жүрген бе» деп. Дұрыс! Сүймесең, қызықпасаң, ынтық болмасаң өнер шықпайды!

Құдаша құпиясы

Осыдан екі жыл бұрын Жұмағазы деген жігіт хабарласты. Телефонды көтерсем, ар жағынан: 
- Ассалаумағалейкүм! –дейді.
- Әліксалам! Кімсің?
- Жаркенттен Жұмағазы деген жігітпін, - дейді. Жаркентіне құлағым елең етсе де, Жұмағазыны танымадым. Соны сезді-ау деймін: 
- Сіз мені танымайсыз, мен шешемнің тапсырмасымен хабарласып тұрмын. 
- Шешең кім?
- Оның бәрін айтпаймын. 
- Неге айтпайсың? 
- Шешем сізді шақыр деді. Дос-жаранымен келсін. Газеттен оқыдым, жетпіс беске келіпті. Шақыр, қалған әңгімені өзім айтамын деді, аға. 
Аң-таң болып қалдым. Біраз тоқтаңқырап барып: 
- Жарайды, - дедім. Ойланып отырып қалдым. Сөйтіп межелі уақыты келгенде Кәдірбек пен Қуанышбайды әйелдерімен алып, тартып кеттік. Іледен өте бере үш көлік күтіп алды сән-салтанатымен. Іші толған қыз-қырқын, домбыра, өз ауылымның ақыны жүр. Соған қарап «е, Ақжазыққа барады екенбіз ғой» деп ойлап ем. Оным болмады. Китіңге барады екенбіз. Китің деген Белжайлауға шығатын жердегі алыста жатқан жалғыз ауыл. Ал кеттік!
Байқап отырсам, әр ауылдан бір-бір әншіден алдырыпты. Межелі жерге жеткенде әлгі Жұмағазының шешесі – жасы тоқсан үшке келген үлкен кісі қарсы алды. Өзі кербез, тік жүретін кісі екен. 
- Бексұлтан балам, қайсы? – деп келіп құшақтап, айналып-толғанып жатыр. 
Бара салып, әңгімеңді айт дей алмасың анық. Тамақ іштік, ән тыңдадық. Бір уақытта бір қызды таныстырды. Жұмағазы: 
- Мына қыз сіздің нағашы қарындасыңыз, Әулиеата деген ауылдың қызы, - деп жатыр. Өзі сұлу екен, көзім көріңкіремесе де байқап отырмын, сезіп отырмын. Енді үндемей  қалмайын деп, ол қызға өз ықыласымды, тілегімді айтып жатырмын. Солай дей беріп ем, мына жағымда отырған Кәдірбек: 
- Бұл – оңбаған өзінің қызымен жастыларға қалжыңдасады, қыз көрсе бүйтіп кетеді, - деп сарнасын. Жерден алып, жерге салды. Сол уақытта әлгі шақырған апамыз: 
- Әй, балам! Бексұлтандікі дұрыс. Мына қыз бен Бексұлтанның аталарының арасында қыз алысып-қыз беріспегендер жоқ. Сондықтан, бұ шырақ – Бексұлтанның құдашасы. Ол мұны алам деп, бұл оған тиемін деп отырған жоқ. Ағасы қарындасын сөзбен еркелетіп, қарындасы қалжыңмен еркелеп отыр. Оған сенің нең кетті, шырағым?! – деді. Ой, рахаттанғаным-ай! (күліп) Содан бері қыздармен қорықпай қалжыңдасатын болдым. 
Содан әңгіме суыртпақтап, көп дүниенің басын шалдық, қысқартып қана айтайын. Мені шақырған апамыз 16 жасында менің әкемді көріпті. 
- Атамыз Аққайқы деген жерде жылқы бағады. Әке-шешеммен еріп сонда барғам. Олар ішке кіріп кетті де мен есік алдында қалдым. Сөйтіп тұрғанда жылқы жетектеген жігітке көзім түсті. Екеуіміз сөйлестік, содан биебаудың басына бардық. Барсақ, сол жерде екі жігіт жүр екен, біреуі – Нұржеке, - деп бастады ол сөзін. 
Биебаудың басында әкем бұларға саумал ұсынған. Біршама тілдескен де болуы керек. Сөйтіп тұрғанда әкем, жас қызға: 
- Мен сен сияқты ілтипатты қызға үйленемін, - деген екен. Апамыз оны «мен сені аламын» деп ұққан. Іздеп келеді деген үмітпен уақытты өткізе берген. 
- Бір күні Нұржеке Әзілханға үйленді деп естідім. Сенің шешеңе. Әзілхан – менің әпкем, - дейді. – Шынында адам қызығатын сұлу еді әпкеміз. Ақыр аяғында Нұржеке біреудің әйелін алды, мен біреудің екінші әйелі болдым. 
Осы кездесу маған қатты әсер етіп, «Қызға қызығу» деген әңгіме жаздым. Ол әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Сол әңгімем шыққаннан кейін Қарағандының шет ауданында тұратын ғалым, қазақ тілінің қамын күйттеп ұйым құрған, сонысы үшін сотталған ағамыз Кәмел Жүністегі маған: 
- Бексұлтан, екеуіміз бір заманда өмір сүргенде сен де сотталады екенсің! – деп еді. Міне, осындай-осындайларды көріп жазушы боласың. 
«Қазақ деген ұлы халық емес» депті ана күні біреу. Ұлы болу үшін Қытай болу, Америка болу қажет емес. Грекия деген кішкентай ғана мемлекет бар. Әлемге өнерді, өмір сүруді, от жағуды үйреткен, алғаш театр салған солар. От жағу Прометей алауынан басталды емес пе?! Қазір біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп келеді. Бірақ ұлы қалпында қалды. Қазақ та тура осындай халық! Ұлылықты күйкі адам ғана көре алмайды. Алғаш атқа мінген, оны басқару үшін жүгенді, ерді, үзеңгіні жасаған біз. Үзеңгіні ғалымдар революция деп таниды. Еуропалықтар атқа қарғып мінеді. Үзеңгі арқылы мінуді ойлап тапқан – біз. 
Алақандай ғана тостаған, 
Лақтырып мені тастаған, - дейді ел ауызындағы жұмбақта. Расында, солай. Ақселеу Сейдімбеков «Көшпенділер» киносына кеңесші болғанда көрген сұмдығын айтады. 
- Бір эпизодты шашым ағарып әрең алдырдым. Біреу атқа міну үшін екінші біреу келіп жата қалады. Содан қарғып мінбек, - деп жылармен болып еді марқұм. 
***
Біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырда Арыс бабамыз өмір сүрген. Біз үш арыстан тұрамыз.: Ақарыс (Ұлы жүз), Жанарыс (Орта жүз), Бекарыс (Кіші жүз). 
Гректің тарихшысы Герадот былай деп жазады: «Грек жеріне алғаш келген сақ – Анахарсис». Анахарсис деп отырғаны – Анарыс бабамыз. Анарысты шешесі Ақарыс деген екен. Матай бабамыз жасаған «Ата шежіремізде» былай дейді: «Арыс бабамыз шетелге барып білім алған, жанында Тоқсары деген туысы болған». Осыдан кейін тағы бір ғалым «Грекияға бірінші келген Анахарсис емес, Тоқсарит еді, ол емші болды» дейді. Тоқсары мен Тоқсариттің айырмашылығын өзіңіз қараңыз!
Тағы да Геродот айтады: «Анахарсис шетелден үйренген білімін өз еліне алып кетпек болғанда жақындарының қолынан қаза табады». Біздің «Ата шежіремізде» бұл туралы «Анарыс бабамыз өнерін елге әкелмек болғанда туысы атып өлтірген» деп жазады. Екеуі бір адам ба, бөлек пе?!
Енді қараңыз, бір атадан тараған қазақтың үш жүзі бір-біріне жау ма, бауыр ма?! Кешегі Кеңес үкіметі кезінде осы үш жүздің арасына сына қағылды. Біз енді түсінетін уақытқа келдік. Түсінетіндер бар, бірақ аз, сол азды әлгі көпшілік тобыр басып кетеді. Абай данышпан «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демеп пе еді?! Сондықтан, біз алауыздыққа, жүзге бөлінуді доғаруымыз керек. Абай біліп айтты. Абайдың білгенін біз білмей Құдай атып отыр!

Біздің мұрамыз түгелденген жоқОны түгелдеу үшін осындағы  күллі дүниемен кемі бір жыл танысу керек
Өткенде Нұртілеу Иманғалиұлы «Нұр-Тілеу» деген бағдарламасына шақырды. «Сұхбат бермеймін» деп едім, «неге бермейсің» деді. Өйткені, жаныңмен айтқан сөзіңді басынан аяғына келтіріп қырқып тастайды. Сосын көрген адам не ойлайды?! Ақыры не керек, бардым. Тілден бастадық, барынша айттық. 
Сол жерде латынға көшу туралы сөз қозғалды. Әңгіме үстінде қызды-қыздымен: 
- Бұларыңнан дым шықпайды. Өйткені, басшыларымыздың көпшілігі 10 минут қазақша сөйлесе 50 минут орысша сөйлейді, - дедім. 
1929 жылдан бастап он бір жыл біз латын қарпін қолдандық. Сол аралықты жылына бір кітап шығарсақ та он кітап бар бізде. Сәбит Мұқановтың екі томдығы бар латынша шыққан. Менде соның біреуі жоқ, екіншісін сатып алдым. Ерекше жәдігер, көзіңнің жауын алатын ескерткіш сияқты. Менің әкемнің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың» Жанақ ақын жазған нұсқасы қазір менің қолымда. 
Тілегімді бермедің сараң құдай, 
Бір маралды көп қудым үш күн ұдай, - деп басталады. Не деген ұйқас!? 
Мен соны әлгі «Бабалар сөзі» дейтін жүз кітаптың ішінен таппадым. Демек, біздің мұрамыз түгелденген жоқ. Оны түгелдеу үшін осындағы күллі дүниемен кемі бір жыл танысу керек, бабалармен сөйлесу керек. Қазіргілер шошаң-шошаң етіп ауызына іліккенді жазады да, ғалым бола салады, тер төкпейді. Кітап палатасына әрдайым кішірейіп кіру керек.Бұл – қасиетті жерОсы Кітап палатасында Абайдың алғашқы кітабы бар. Сонда «Қазақ әдебиеті» деген сөз былай жазылады: «Қазақ әдеб(ій)еті». Көкем-ау, 29 жылдарының өзінде ағаларымыз тілдің ережесін білген ғой. «Тілді заңға емес, заңды тілге бағындыру керек» дейді Ахмет Байтұрсынов. Соны орындамағандар А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында отыруға лайық емес. 
«Жетісу» деген сөз сол уақытта «Жетісұу» болып жазылатын. «Қазақ тарихы» емес, «Қазақ тарыйхы» болмақ. «Түрік тілдерінің ішіндегі ең әуезді тіл – қазақ тілі» дегенді Байтұрсынов неге сүйеніп айтты? Қазақ тілінде әр буында бір дауысты дыбыс болады. Дауысты дыбыс көп болған сайын сөз әуезді айтылады. «Сыйыр, қыйын, тыйын, жыйын», ал қазір қалай: сиыр, қиын, тиын, жиын. Бұл әуез емес, бұл – зіркілдеп ұрысу. 
1929 жылы шыққан «Латын әліпбиі» бар. Соны қарасаңыз, қазақ тілінде «и» деген дыбыс жоқ. Ол – орыстың дыбысы. Бізге «ы/й», «і/й» орынына осы дыбысты енгізді. Бұл – зорлықтың зорлығы, диктатура. 
Бізде «у» - дауыссыз дыбыс. Неге ол дауыссыз болады? Оны дауыссыз қылып отырған «ы мен і». Мысалы, «Жетісу» дегенді дұрысында «Жетісұу» деп жазуымыз керек. «Екі дауысты дыбыс қатар келмейді» деп Ахмет Байтұрсынов айқайлап тұрып жазып кеткен. 
Біз латынға көшкен уақытта тілімізді дұрыстап, тарихи негізіне оралуымыз керек еді. Бірақ осы мүмкіндікті жауаптылар пайдаланбай отыр. Солар осы Кітап палатасына неге келмейді, неге қарамайды? Тіпті, кешегі 50-жылдарда шыққан Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім» кітабын оқысыншы, бұл еңбекте де тілдік заңдылықтар сақталған ғой. 
Мен сол Мұқановтың «Менің мектептерімін» атама бастан-аяқ оқып бергенмін кішкене күнімде. «Ғұлама екен» деп таң қалып отырушы еді жарықтық. Кейін бұл еңбек қысқарып, «Өмір мектептері» болып үш томмен шықты да, Мемлекеттік сыйлық алды. Дәл осы еңбектің дұрыс нұсқасында Голощекиннің кім екені ашылып айтылады. 
Сәбең ауыл-елді аралаған уақытта Голощекинмен бірге жүрген. Ананың ауылына барса құрметтеп қой сояды, мына ауылға барса тай сояды. Сонда Голощекиннің сұм пиғылы «Бұл елге революция әсер етпепті, Кіші Октябрь революциясын жасау керек» деп сигнал береді ғой. Ал сол «Кіші Октябрінің» нәтижесінде қанша қазақ аштан қырылды, қанша қазақ тентіреп кетті?! Міне, осындай қилы заманның шындығын, психологиясын кітап қана біледі. Сондықтан, Кітап палатасына әрдайым кішірейіп кіру керек дегенді айтып жүремін. Бұл – қасиетті жер. 

Мұқағали бейнесі

Мен «Күнәлі махаббатты» сегіз дәптерге жаздым. Ол кезде қолға тиетіні қарапайым он екі беттік дәптер. Сол жазуымды бірнеше мәрте көшіріп жаздым. Әдемілеп жазуға тырысамын, машинка жоқ ауылда. Содан, 1966 жылдың маусымы шығар... ауылда мұғалім едік, каникулға шыққан уақыт. «Қазақ тілінен» және «Қазақ әдебиетінен» сабақ беремін. Бір басымда 48 сағат бар. Каникулға шығарда үш ай жалақымызды қолымызға ұстатады. Сол ақша қолға тигенде көп қаражат болатын. 
Үйленген уақытта тойымызға қайын жұртым келмей қойған. Әйелім Шымкент жақтан ғой. Содан әйелімнің намысын қорғайын деп достарым мен олардың әйелдеріне қайын жұрт рөлін ойнаттым (күліп).  Бірақ біз бас қосқан уақытта шешесі хал үстінде жатыр екен. Суретімді көрсеткен уақытта: 
- Қабағы қатты екен, ашуы қиын болар. Бірақ сені жылатпас. Бар! Мен өлсем мына ағаларың сатады да жібереді, - депті. 
Содан не керек, ауылдан Алматыға жетіп аялдадық та, таңертеңгі тоғыздар шамасында Жазушылар Одағына бардым. Қыбыр еткен адам байқалмайды. Сағат онға таяды, сол уақытта ғана сары шашты, бәкене бойлы келіншек келді. Жөн сұрап едім: 
- Ойбай-ау, ол кісілер он екіге қарай келеді ғой, - деді. Аң-таңмын. 
Одақтың ғимаратының екінші қабатына көтерілдім де, бильярд үстелінің жанында отырдым. Бір уақытта баспалдақтарды зіркілдетіп, шашы бұйра-бұйра жігіт ағасы көтеріліп келе жатты. Атып тұрып, жанына жақындап: 
- Ассалаумағалейкүм!-дедім.
-Әллік-салам! Тура осылай айтты: «Әллік-салам!» - Кімсің? Қайдансың?
- Жаркенттенмін.
- Е-е. «Киізаяқ» суан екенсің ғой, - деді. Мына Жетісуда өзі албан-суандар бір-бірін кекетіп, қыжырта береді. «Киізаяқ» дегені қойшының баласы дегені ғой. Жөнімді айтып, жазғанымды қолына ұстаттым. Парақтап тұрды да: 
- Імм, мұғалім екенің көрініп тұр, - деді. – Енді прозаны қарайтын Ақан Нұрманов еген ағаң еді. Ол қазір Кейкі бабасын жазамын деп Қостанайда жүр ғой. Жарайды, жүр, - деді. 
Сөйтіп, әлгінде көрген келіншекке алып барды. – Мынаған әрбір бетіне 15 деді, 20 деді ме әйтеуір, сол шамадағы тиыннан бересің деді. Маған қарады да: 
- Мынаның бірінші данасына тимейсің. Қатесі болса, екінші данамен түзейсің де, мына кісіге әкеліп бересің, машинкаға түсіреді, - деді. Сөйтіп, жазуды реттеп сыртқа шыға бере сауал тастады: 
- Қайда бара жатырсың?
- Қайын жұртқа бара жатырмыз. 
- Е-е, жөн. Аман-есен барып кел. Ауылдан келген адамбыз. 
- Енді бір шай ішпедік пе, - дей беріп ем: -Шайды қайтесің?! Қайын жұртқа бара жатыр екенсің, жиғаныңды сонда беріп кел, - деді. 
Содан Шымкент жақта бір-екі аптадай болып, Алматыға қайта келдім. Келген бетте сары шашты келіншекке – Рымкешке жолықтым. Машинкаға басып қойыпты. Алып кетіп қателерін түзеттім де келесі күні әкеліп бердім. Ауылға да қайту керек бір жағынан. Мұқаңды күттік. Бір уақытта келді, келген  бойда: 
- Әкел, - деді. – Ертең тоғызда осы жерге кел. 
- Сіздер тоғызда келмейсіздер ғой...
- Келемін. 
Солай тарқастық. Ертеңіне келсем «Қарлығашым, келдің бе?» деген кітабына былай деп жазып беріпті: «Бексұлтан, мен сенің мына повесіңді бір әрпін қалдырмай қалай оқысам, сен де мұны солай оқы! Осы қалпыңнан өзгермегеніңді қалаймын мен». Одан кейін көп әңгіме айтты, мақтады. Біраз қолпаштап, көтеріп-ақ тастады. Кейін Мұқағалидың айтқанын марқұм Хамза Есенжанов та айтып еді. Оны да жұртқа айтпаймын. Өйткені, куәлігім жоқ. 
Содан не керек, Мұқаң айтарын айтты, жазуыма бағасын берді. Сөйтіп, қатыныма бұрылып: 
- Келін, - деді. – Көп нәрсе саған байланысты. Мынау – жазушы. Сен мұны сақта! Артынша уәдесін де ұмытпады, маған қарап: 
- Сен жазатыныңды жаза бер. Мен тірі болсам мына повесіңді басамын, - деді. Енді ойлаңыз, көкке төбем жетті ме, әлде асып кетті ме?! 
Кейін хат жазысып тұрдық. Шамамен алты-жеті хат алдым-ау деймін. Бір хатында: 
- Бексұлтан, мына сенің повесіңді «Жұлдызда» оқымаған адам жоқ. Бәрі мақтайды, басуға батпайды, - депті. Әйтеуір сол тырнақалдым 1966 жылдың мамыр  айында, «Күнәлі махаббатым» «Кінәлі махаббат» болып, одан қалды тек бірінші бөлімі ғана жарық көрді. 
Мен оны неге баспайтынын қайдан білейін. Мұқаң да қысқа жазады. Бір күні тағы хат келді. 
- Мына повесіңді Хамза Есенжановқа бердім. Редколлегия мүшесі ғой. Оқы да, қайтарып салып жібер, керек болады, - депті. Есенжанов марқұм әдемілеп жазыпты, тіпті, «төселіп қалған жазушы» деп атапты. Мен де ақымақпын ғой, сол хатты көшіртіп алмаппын. Мұқаңа салып жібердім. Міне, осы хаттан кейін ғой «Жұлдызға» повесімнің «Кінәлі махаббат» болып алғашқы бөлімі басылғаны. Өзі үш бөлім шығарма. Соның екі бөлімін «кейіпкерің төрт рет тұрмысқа шыққан» деп баспай қойды. «Әйелдің тағдыры – халықтың тағдыры» демеуші ме еді?! Ал менің шешем күйеуі соғыста өлмесе қайта-қайта тұрмыс құрар ма еді?! Осыны да көрдік қой...***Жаппар Шаяхметов деген аудандық газеттің редакторы болды. Тамаша адам! Кейін мен Комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, ол кісі орготделде нұсқаушы болып көрші отырдық. Сонда бір-бірімізді білмейміз. Егер сенсеңіз, тап осылай! 
Шешесін білуші едім о кісінің. Колхоз басқарған кісі еді. Көрген кезінде: 
- Әй, Бексұлтан, мені жазсаңшы, - деп жүруші еді, жарықтық. Сөйтіп жүріп қайтыс болып кетті. Ол туралы жазбаған газет жоқ. 
Мен әлгі повесімді бастыра алмай жүргенде қыс ортасында бір келгенім бар. Соғым сойылатын уақыт. Келіншегім Шымкенттен болғасын жөн-жоралғысын біледі, соғымнан сыбаға берді. Соны алып Мұқаңның үйіне түстім. Шешесі, бала-шағасы, Лашын жеңгеміз бар екен. Сонда Мұқағали: 
- Келесіде мынадай боп артынбай-тартынбай кел, - деп еді. Біз қипақтаймыз. Ауылдың адамына қонаққа құр қол барған қылмыс сияқты. 
Кейін қызметім өсіп, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болдым. Сендер қазір мені «қызқұмар» дейтін көрінесіңдер. Сол Комсомол комитетінде 70 мың қыз бар қол астымда. Біріне қолымның ұшы тиген емес. Өйткені, өзімнің әйелім ол кезде   сұлу еді (күліп).
Талай сұлудан құр қалдым (әзіл)
Өмірдің философиясы керемет қой. Сұлу әйелге үйленген қиын екен. Жас қыздарға қарайсың да өз әйеліңе қарайсың. Жарқырап тұр. Қалғанына қолды бір сілтейсің сосын. Халық ауызында жүретін өлең бар ғой: 
Зергер бұйым соғады қалайыдан, 
Аққан тері сорғалап самайынан. 
Бір Айзаштың көңілін табамын деп, 
Айзаштайдың айырылдым талайынан. Солай мен де талайдан құр қалған пақырмын ғой(күліп).***Ә.Қ.:- Бағана кіреберісте Күләш апамызды ерекше еске алдыңыз. Енді әңгімемізді сол бағытқа бұрсақ...
Б.Н.: - Партияның орталық комитетінде Михаил Есеналиев деген ағамыз қызмет істеді. Өте білімді кісі еді. Сол кісі Мәдениет бөлімін басқарды, сыртқы саясатта жұмыс істеді. Есеналиев баспалардың барлығына былай деп бұйрық беріпті: «Өнеріміздің негізін қалаған корифейлер өмірден кетіп барады, солар туралы жазу керек!». Ол уақытта «Жалын» баспасында Әбілмәжін Жұмабаев деген ағамыз жұмыс істейтін. Әбілмәжін ағамыз туралы айта кетейін. Бұл уақыттарда пақырың Мұқағалидың үйіне жиі барып, тіпті, «сырлас» та болып алған уақыты. Бір күні Мұқаң ұстап алды да: 
- Баспада Әбілмәжін Жұмабаев деген ағаң бар. Сен ана жазғандарыңның бәрін сол кісіге айтып, кітап қылып шығар, - деді де итеріп кіргізіп жіберді. Кіріп амандасып, жөн айтып едім: 
- Е-е. Бексұлтан деген сен екенсің ғой, айналайын. Мен сенің «Кінәлі махаббатыңды» оқығанмын, - дей жөнелді. Таңмын. Мына кісі ауылдағы ағам сияқты арқа-жарқа әңгімелесіп отыр. Менің шығармамның бәрін оқыған сияқты, тіпті. Содан не керек: 
- Жарайды, бұған сенің жазуыңды кіргіземіз, - деп «Күй толғағымды» шығарып берді. Міне, осы жерге де Мұқаң жетектеп апарып еді. Ал енді менің жазушы болуыма септігін тигізген адамның бірі – тағы осы Әбілмәжін Жұмабаев. 
Мені «ЦК Комсомолда» істегеннен кейін бір жерге жұмысқа жібереді. Тықыр таянғанын өзім де сезіп отырмын. Ол уақытта Төлен Әбдіков «Жалын» альманағында істейді, Шерхан – редактор. Ол жерде менің «Не үшін» деген әңгімем, бірқатар шығармаларым шыққан. Камалиденовке барып «кетуім керек» дедім. Ол: 
- Кетуің керек болса өзімізде газет-журналдар көп қой. Соның біріне бар, - деді. 
- Енді «Білім және еңбек» босаған кезде сұрандым. Жібермедіңіздер. 
- Маған ешкім айтқан жоқ. 
Сөйтсем, ана бөлім басшысы Айтбай «Закаш сені жібермеді» деген маған. Мен оған сеніп қала бергенмін. Закашым «жіберетін едім ғой» деп қара-а-ап отыр. Содан Әбекеңе – Әбілмәжін Жұмабаевқа келдім ғой. 
Осы тұста бір ағамыздың атын атай кеткен жөн. «Шал болсаң мал болмайсың» дегендей, аты есіме түспей тұр. Қызметі – Мәдениет министрі. Сол кісінің көмекшісі болып, Шәмшә Беркімбаеваның ағасы – Сейдәлі деген азамат тағайындалды. Хабарласып жүріп, министрге кірдім ғой. Ол кісіге жөнімді айтып едім: 
- Сендей азаматтар керек. Әдебиет, педагогика бөлімдері бар, соларды қадағалайсың, кел, - деді. 
- Аға-ау, мені оңай жібере салмайды ғой. 
- Неге жібермейді! 
- Солай да солай. Сіздер жақтан ұсыныс болса деп едім. 
- Жақсы, дүйсенбіге дейін болады, - деді ол кісі. Кездесуіміз бейсенбі күні болып еді. Жұма күні ол азаматты училище, техникумдарға қарайтын министрлікке ауыстырды да жіберді. Дүйсенбі күні орынбасары хабарласып: 
- Жұмысқа келмейсіз бе, - деп тұр. 
- Қалай барамын. Ұсыныс хат жібермедіңіздер, - десем былай дейді: 
- Ол кісі сізге бұйрық шығарып кеткен!
Қалай таң болмассың! Азаматтық қой! Қамқорлық қой! Енді сандалып сол Әбекеңе келдім. Жағдайымды айттым. Әбілмәжін ағам телефонын алды да: 
- Әй, Закаш, бұл сенің адамың емес қой. Бұл – әдебиеттің адамы. Жібер, қиянат қылма, - деді. Тура осылай айтты! Содан Закаш жіберді-ей. Ағаның жақсылығын көру деген осы болар, сірә?! 

Күләштің үстінен жеті  адам арыз жазған

Бұл уақытта мен «Жұлдыз» журналында істеп жүргенмін. Бір күні Шерағаң телефоннан: 
- Маған кел, - деп гүж ете қалды. Келдім. Бұрылып: 
- Сен ана Қанабек ағаңды білесің бе?
- Білемін. 
- Білсең сол, Әбекең айтып отыр, Есеналиевтерден жарлық түсіпті. Қанабек естелік жазуға «Бексұлтанды бер» депті. Қалай, барасың ба? – деді. 
- Барайын.
Ертеңіне Қанабек Байсейітов келді. Кітаптың нобайын түсіндірді. Сөйтіп, мен оның «Құштар көңіл» деген естелігін жазып шықтым. Ол кісіге бір күн келем, әңгімесін айтады. Мен ертеңіне соны жазып алып келемін. Өзімнің қосатыным бар, әрлейтінім бар дегендей. Бір күні келсем жарықтық ішіп алыпты. Содан тұрып: 
- Мен ертең келмеймін, - дедім. 
- Неге?
- Бұлай болмайды. Мына жұмысты уақытылы бітіруім керек. Ұятқа қаламын ғой. 
Кетіп қалып едім, ертеңіне хабарласып: 
- Әй, бала, келсеңші-ей. Мен енді олай жасамаймын. Міне, сау отырмын, - дейді жарықтық (күліп).
Сол кездесулерде Күләш туралы керемет бір әңгімесін естігенмін. 
***
Көктем кезі. Күләшті Мәдениет министрінің бірінші орынбасары шақыртыпты. Кездесуден Күләш жарқылдап келді де: 
- Қана, мен Құрманғазы оркестрімен Қытайға баратын болдым. Көйлек тіктіруім керек, тақия алуым керек, - деді. 
Содан Қанекең де дайындалған. Екеулеп алып-ұшып жүріп, бәрі сақадай сай болғанда, Күләш апамыз кезекті кездесуден ұнжырғасы түсіп оралыпты. 
- Я пропала, - деді орысшалап. 
- Не болды?!
- Алты адам үстімнен арыз жазып, «ішеді, гуляет» депті. Қытайға бармайтын болдым. 
Мен осындай керемет штрихтарды санама тоқи жүріп, кейінірек «Күләштің соңғы көктемі» деген әңгіме жаздым. Осы әңгімені жазғаннан кейін Оразбек Бодықов ағамыз: 
- Әй, Бексұлтан, сен өзі бір жолды тауып алады екенсің-дағы сол жолмен жүре береді екенсің. Жан-жағыңа қарамайды екенсің, - дейді. 
- Не боп қалды, Ореке?! 
- Екеуіміз бір Сәтпаевтың бойында тұрмаймыз ба?!
- Оны білемін. 
- Мен қазір Радио комитетінде бас редактормын ғой. 
- Оны білмейді екенмін. 
- Білмесең ана «Күләштің соңғы көктемін» алып кел. Мен соны беремін. Жұрттар осы тықпалап жатады, сенікі музыкаға сұранып тұрған дүние ғой, - деді. 
Бұл кезде Камал Смайылов Телерадио комитетінің төрағасы. Менің шығармамды радиодан беріп кеп жіберді. Ертеңіне Орекең хабарласып, «үстіңнен арыз түсті» дейді. Кәукен Кенжетаев жазыпты. Орекең: 
- Сен кеп осы арызды алып кетші, керек болады, - деді. Алдым. Жазудай-ақ жазған екен. 
Енді қараңыз, Күләштің үстінен арыз жазған алты адамның тізімі мен арызын өзіне бермеген. Ол алтау емес, жетеу екен. Жетеу екенін байқай қоймас едім. Бір күні Жанболат пен Жазира  телевизиялық жобаға шақырды. Олар Шамғон Қажығалиевтің сөзін ұсынды. Ол кісі «Иә, Күләштің үстінен 7 адам арыз жазды» деп отыр. Бертінде «Жұлдыздар отбасы» журналында Еркеғали Рахмадиев ағамыз «Арызды өз көзіммен оқып, Еркінбекке бердім» депті. Еркінбек те кейін Мәдениет министрі болған адам ғой. Ол кісімен жайлауымыз ортақ. Еркінбек ағамыз: 
- Бексұлтан, сенің осындайда нең бар?! Айтса айта берсін, өткенді қозғап нең бар, - деп ұрысты. «Жарайды» деп әрең құтылдым. Қалай тыныш отырайын, Еркеғали ағама хабарластым. 
- Бексұлтан, сенің алты адамың кім? – деді. Мынау, мынау деп санамалап бердім. Еркеғали ағам: 
- Жетеу! – деді. 
- Жетіншісі кім?
- Айтпаймын. 
- Неге?
- Еркеғали айтты дейсің... Содан не керек, «аға, сіз барда сілтеме жасамаймын» деп уәде беріп отырып айтқыздым. Ол – Хадиша Бөкеева, Байғали Досымжановтың әйелі. Ал мен білетін алтау: ағайынды Абдуллиндер, Кәукен Кенжетаев әйелімен, Ермек Серкебаев және Байғали Досымжанов. 
Сол жолы Қытайға Күләш Байсейітованың орынына Бибігүл Төлегенова барды. Қытай сапарын сәті түскен бір жолы Бибігүл Төлегенованың өзі айтып берді. Қытай қазақтары киіз үйдің басына «Қазақтың бұлбұлы – Күләш Байсейітоваға жалынды сәлем!» деп жазып қойыпты. Олардың барлығы Күләш келеді деп күтіп отыр ғой. Ең сорақысы – Бибігүл Күләш болып барған. «Сахнаға Күләш Байсейітова шығады» деп хабарланған уақытта Бибігүл шыққан. Адалдықтың бәйгесіне атыңды қос,Қалсаң да, озсаң да олжалысың!Осыны айтқан қазақты қалай данышпан демессің! Күләштің жақын досы – Шара Жиенқұлованың бір естелігі бар. Сонда биші апамыз Күләштің бірде-бір мәрте спектакльден, концерттен қалмағанын, ауырып тұрса да өнерін көрсететінін айтқан. Енді сұрақ туады: осындай адамның үстінен неге арыз жазады?!
Осы сұрақтың жауабын іздеп Күләштің архивін ақтардым. Жетеудің хатын іздедім. Жоқ! Бізде архив жақсы сақталмайды. Кірген-шыққан адам тіркеліп, қолын қоймайды. Мен де қоймадым. Талап еткен жоқ! Сөйткен қаскөй біреу алды да кетті ол хаттарды. Қайдан табасың?!
Қанекең айтады, бір күні Күләш: - Қана, мені Жигановтың «Алтыншашына» шақыршы, - депті. Ол кезде Мәскеуде татар театрларының апталығы болып жатқан. Қанағаң қызметтен босай алмайды да, сол уақытта Совминді басқарып отырған Қонаевтың көмекшісіне қоңырау шалады. Димекең екі сөзге келмей: 
- Қанеке, Күләні өзім алып кетемін. Мәскеуге ұшамын, - депті. Қонаев Күләшті «Күлә» дейді екен. Екеуі түйдей құрдас. 
Содан не керек, Мәскеуге Қанағаң мен Күләш қатар барады да, артынша Қанабек шұғыл шаруамен шақыртылып елге қайтады. Күләш сол күні «Алтыншашты» көреді, тамсанады. Өйткені, Алтыншашты ойнау – арманы. Дәл сол спектакльден кейін Мәскеудегі қонақ үйде ваннаның ернеуіне шынтағын сүйеген күйі қатып қалыпты... жүрек тоқтаған... 
Ал енді ойлаңыз, Күләш өлмей, араларында жүрсе әлгі арыз жазған азаматтар «КСРО Халық әртісі» болмай қалатын ба еді? Бәрі алатын еді ғой. Бір-ақ түйткіл – Күләштің оқымағандығы. Қалғандарының бәрі Мәскеуде оқыған. Содан ақтарып жүріп, ведомствоны қарадым. 3000 сом алатын тек Күләш екен. Қанабектің өзі 180 сом ғана ақша алады, қалғандары да осы шама. Міне, көре алмау деген қайдан шығады?! Осылай Күләштан да айырылған екенбіз...
Күләш апамыз үстінен арыз жазған Ермек Серкебаевты «Ермашам» деп, әйелін «Кішкентайым» деп еркелеткен. Қолындағысын бөліскен. Ал олардың қылғаны не сонда?! Осылардың барлығы кейін естелік жазды, бірақ бірде-біреуі «қиянат жасадық» деп мойындай алмады. 
Міне, осындай кісәпірлік адамды құртады. Күләш апамыздың үстінен арыз жазғандарды «талантсыз еді, ақымақ еді» деп тағы айта алмайсың. Бақталастық, бәсеке дегенді дұрыс түсіну керек. Жақсы болу үшін өзіңмен бірге шауып келе жатқан біреуді «өлтірудің» қажеті жоқ. Қазақта өте сирек айтылатын керемет мақал бар: 
Адалдықтың бәйгесіне атыңды қос, 
Қалсаң да, озсаң да олжалысың!
Осыны айтқан қазақты қалай данышпан демессің! Өзін данышпан санайтын елдерің мұны айта алмайды! Айтуға шамасы жетпейді. 
Ә.Қ.: - Елбасымен үш жазушы болып кездестіңіздер. Сол жерде латын  әліпбиіне  көшу туралы айтқан едіңіздер...
Б.Н.: -Мен ол жерде тілді айттым. Латынға көшу туралы айттық. Кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне «Латынға көшу – барыңнан айырылу» деп мақала жазғанмын. Әріпте тұрған не бар?! Одан да тілге реформа жасау керек, қазақты дұрыс жазуға, оқуға үйретсін. 
- Әріпті өзгертіп ештеңе шеше алмаймыз. «Ақымақ» деген сөзді екі қаріпте жазсаң да бір мағына береді. Одан да мына емле-ережеміз орыстікі, содан құтылайық, - дедім. 
Одан кейін Смағұл: 
- Латынға көшкен кезде қазақ мектебі көшіп, орыс мектебі солай қала берсе, ала-құла болып кетерміз, - деп қаупін айтты. 
- Жоқ, олар да көшеді! – деді Елбасы. Көшкен жоқ. Енді, ең сорақысы – ата-аналар «баламыздың латыннан миы ашиды» деп балаларын орыс мектептеріне беріп жатыр. Қазіргі біздің қолданыста жүрген тілдік ереже-емлелеріміз тұнған қате, орыстың көшірмесі. 
Тіл ережесінде «Орыс тілінен енген сөздер орыс тілінің орфографиясын сақтап, қаз-қалпында жазылуы тиіс» деген жер бар. Осының көзін құрту керек! Бабаларымыз кереует, зауыт деген сияқты үндестік заңына үйлестіріп-ақ кетіп еді ғой. Әттең...
«Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады»
Бердібек Бейсенов деген әнші кісі болды, Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» әнін нақышына келтіріп орындайтын. Сол кісімен көрші тұрдық. Бір күні кешқұрым екеуміз ұзақ әңгімелестік. Мұқағалидың диктор болғанын айтты, басқасын айтты, қызды-қыздымен кәріс қызға ғашық болғанын айтты. Бірақ Мұқаңның үй іші ол кәріс қызға үйленуіне қарсы болған. Шешесі, Тоқтар, Көрпеш деген екі інісі бар еді. Ал Лашын, нақтысын білмеймін, Мұқағалидан біраз үлкен. Ол – Мұқаңның тоғызыншы сыныпта сабақ берген мұғалімі. Өздерің есептей беріңдер. Сол кезде алғаш мұғалім болып келген қыз қатты қысылса керек, талып қалыпты. Бәрі шуылдап сыртқа қашқанда Мұқағали барып ауызына қаламсап тығып жіберген екен. 
Әйтпесе, талмасы ұстаған адам өзінің тілін шайнап өліп қалады ғой. Ал ол кезде мұғалімнің ауызына қаламсап тықпақ түгілі орамалын ұстау деген ойымызға кірмейтін уақыт қой. Міне, сол Лашын Мұқаңа жар болды. Сол кезден екеуінің байланысы басталған, мүмкін жан ашу, бірақ махаббат емес еді...
Мұқаң қырық бес жасында «Жедел жәрдем» ауруханасында қайтыс болды. Сол кезде көңіл сұрап келген делегацияның басында Әбділда Тәжібаев жүрді. Жүретін реті де бар. Мақатаевтың алғаш өлеңіне «сәт-сапар» жазған кісі – Тәжібаев. Мұқағалидың «Әбділдаға» деген өлеңі бар. Былай деп келеді: 
Сөйлесең,
Бурадайын лықып-тасып,
Жаралы жауынгердей сылтып басып,
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,
Жырдағы жалғандықпен мылтық­тасып. 
Осы өлеңі туралы Мұқаңның өзі айтып берген. Өлең жарыққа шыққан күннің ертеңіне Тәжібаев келіп мұны бас сала құшақтайды. Содан ертеңіне қабағы тырысып қалады. Өйткені, Әбекеңе «сені ақсақ деп айтты» деп біреулер кері бағыт берген. Ақын эмоцияның адамы ғой. Бірақ үшінші күні қайта келіп құшақтайды. Олай ететіні – суыған кезінде ана өлеңді қайта оқығаны, түсінгені. 
«Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады» дейді данышпан халқымыз. Міне, біз де бірталайды көрдік. Бүгінгі сөзім осымен тәмәм. 

Ә.Қ.: - Аға, өнегелі әңгімеңіз бен ыстық естеліктеріңіз үшін мың алғыс. Сіздің айтқандарыңыз біз үшін тарих, болашақ ұрпақ үшін тағылымды жол, тәлімді  бағдар! Мына сіздің шығармаларыңызды цифрлы дәуірдің ұрпағы оқысын деп «Smart Qalamger» деген жобамыздың аясында авторлық сайтыңызды жасадық. Соның сертификатын  өзіңізге ұсынғалы отырмыз. (ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлы мәртебелі мейманға   «Асыл сөз» сұхбат-жобасын ұйымдастырушылар атынан Абай Құнанбайұлының бюстін сыйға тартып, жазушының авторлық сайтының сертификатын табыстады). 

Б.Н.: - Рахмет айналайындар! Бала тәрбиелеңдер, еңбектеріңнің жемісін көріңдер! Қасиетті орданың құдіретін сезініп, адал еңбек етіңдер! Қазақ өз биігіне қайта шығуы керек. Сендер – қазақтың болашағын жасайтын буынсыңдар, қазақы ұрпақ тәрбиелеңдер!                                                  
25-06-2020, 21:46 / Жаңалықтар

Пікір қалдыру

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

«Sardar» баспа үйінің ресми

27 июн 2020 ,admin
          «Sardar» баспа үйінің негізі -...

Е.Аманшаев. Қорқыт Ата туралы

25 июн 2020 ,admin
(Балетке арналған либретто-аңыз) Олар бұл...

Кітап – адамзаттың асыл

25 июн 2020 ,admin
            1995 жылы ЮНЕСКО шешімімен...
up