ОҢҒАРСЫНОВА Фариза
«ТОЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ». 1-12 томдар
Қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың бұл он екі томдық толық шығармалар жинағы – тұтас бір тарихи-əдеби дəуірдің идеялық-көркемдік бейнесін жан-жақты сомдаған рухани құндылығымыз. Ақын – өз заманының ар-ожданы десек, əлемдік мəні зор, поэтикалық əсері əрқашан мөлдір Фариза Оңғарсынова жырларының өз оқырманына берері мол. Он екі томдықтың əр томы – көзі қарақты оқырманға ризық болар бір-бір рухани қазына. Əрбір кітап беташары поэзиясы əдебиетіміздің классикасына айналған үркердей топтың ішінде өзіндік руханиятымен дара тұрған аяулы тұлға мен оның шығармалары туралы сыр-баянға толы.
Бұл он екі томдық толық шығармалар жинағын көзі тірісінде ақын апамыздың өзі том-томға бөліп, баспаға ұсынуға дайындап қойған еді. Кітап шығару барысында ақынның сол қалауынан ауытқымауды басшылыққа алғанымызды айтқымыз келеді. Əрбір том мазмұны Фариза Оңғарсынованың сіңлісі, осы толық шығармалар жинағының құрастырушысы Алмагүл Оңғарсыновамен жан-жақты келісіліп, тиянақталды. Махамбеттің семсер жырынан қуат, Құрманғазының серпер сертінен шуақ алған Фариза ақын арамызда жоқ болса да Фаризасының ғажайып мол мұрасы – шығармаларын күтіп отырған қалың ел, қадірлі қауым, жүректес жамағат, тілектес орта бар. Сондықтан Ақын аманатын қалтқысыз орындау біз үшін əрі мəртебе, əрі жауапкершілігі зор парыз деп білдік.